ҚАСИЕТІҢДІ ҚАДІРЛЕ
ҚАСИЕТІҢДІ  ҚАДІРЛЕ

         Қасиетіңді қадірле...

        Біз қазақ елі бір кезде ұлы даланы дүбірлетіп ұланғайыр жердің иесі болған сақтар мен ғұндардың,  Құдайдың назары түсіп қасиеттің киесі болған түркілердің тікелей жалғасы асыл текті алаш жұртының  ұрпағымыз. Сондықтан біздердің көштің соңы, жұрттың қоры болуға еш  қақымыз жоқ. Бабаларымыздың асыл арманы болған құт қонып, бақ дарыған қуатты мемлекетке айналуымызға санасында сәулесі, жүрегінде намысы бар мен қазақпын деген әрбір жас өз үлесін қосуы керек. Ол үшін бізге іргесі сөгілмес бірлік, берекеті мол тірлік керек.  Халқымыздың мызғымас бірлігіне ұлттық  құндылықтар негізіндегі  рухани тұтастық арқылы қол жеткізсек, өркениет биігіне көтерілген берекелі тірлікке терең білім арқылы ғана жол аша аламыз. Ендеше, кемел болашағымыз үшін өз еліміздің асыл қасиеттерін жаңғыртып, имандылықтан бастау алатын рухани ішкі әлемімізді нұрландырып, білім көкжиегімізді адамдық асыл қасиеттермен ұштастыра отырып кеңейту арқылы келешегіміздің іргесін ізгілікпен қалауды мақсат етуіміз керек.

       Адам баласы  Алла Тағала қалаған адам бейнесінде өмір сүруі үшін оның  жан – дүниесі кіршіксіз таза болуы керек. Кез - келген адам дүниеге келудегі мақсаты мен өмірінің құнын түсінген күні барлық жамандықтардан тиылып бірден тура жолға түсері анық.

       Материалдық сұранысын рухани сұранысынан жоғары қойған қазіргі заманда маңдайының теріне емес, көкесінің төріне сенетіндер «еңбектеніп жеткенше, еңбектеп жеткенді»  құп көреді.  «Шындық жоқ жерде сұмдықтың да көп болатынын» біле тұра «ар ойламай, пайда ойлаған» парықсыз пенделер мен «сыртын түзеп, сырын түзер түрі жоқ» сәулесіз сәуегейлердің топ бастаған серкедей елге ақылшы болғаны көңілге көлеңке түсіреді.

      «Адамды сүй Аллаһтың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа», «Мүмин болсаң әуелі иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол» деп Тәңірінің рахым нұрына  тура  жол сілтеген, ұлтының ұстазы атанған Хакім Абайдың анық сөзін көзіне де ілмей, маңдайы бір рет сәждеге тиген базбір бауырларымыздың жүрегіне ақиқаттың шуағы енбестен, жанарына шынайы иманның нұры қонбастан Алланың Өзі пәктеген кеуделеріне өз асылын ескермейтін, ешкімді тең көрмейтін  тәкаппарлықтың тозаңын жұқтырып үлгергендері және бәрін толық білмесе де білгендей боп сенімге селкеу салып  жүргендері ойландырады.    

      Ұлттық тұтастығымыздың тірегі болған тіліміз  бен дініміз, салт-дәстүріміз бүгінгі күні «білмеген адамдардың емес, білгісі келмеген надандардың» кесірінен халқымызды қақ айырар кері күшке айналды.  Көп адамдар қара басының қайғысыз бір күні үшін  «қамал бұзар шындықты емес, елді бұзар өтірікке» жақ болды.  Ақиқатты жасырып басына түсер бәледен сақтанды. Халқы үшін ғазиз басын құрбан еткен алаштың арда туған тұлғаларының ізімен ізгі жолға аттанбады. 

       Құрметті, бауырлар, біз қазір күдігі мен үміті, жақсылығы мен жамандығы қатар өрбіген аумалы-төкпелі кезеңде тұрмыз. Жер бетінде 15-16 миллиондай ғана қазақ бар екен. Осыншалық аз бола тұра біздің жан-жаққа бытырап бөлінуіміз күн санап көбейіп барады. Басында руға бөліндік, одан кеңестік саясаттың кесірінен тілге бөліндік және тәуелсіздіктің тұғырына шығып тұрып дінге бөліндік. Саналы жанға бұл сұмдық қасірет. Қаншама бауырларымыз жат дінге өтіп жатыр, ислам дініндегілерінің өздері таным-түсініктері мен білімдерінің таяздығынан өзара дүрдараз күй кешуде. Кейбір діндар бауырларымыз әз халқымыздың ғасырлар бойы електен өтіп дінімізбен қабысып  қалыптасқан салт-дәстүрімізді жоққа шығарып, бүкіл адамдық ұстанымды өздерінен бастағысы келетінін анық көрсетті. Сонда біздің ата-бабаларымыз түк білмес надан, Алласынан алыс болды деп ойлауға дәттері қалай жетті екен.  Жаңа ғасырдың саналы жастары сендер ешқашан олай ойламаңдар. «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» деген өткенді жаңғыртып, бүгінгі күннің даңғыл жолына айналдыра алмағандар, жаңадан жол бастай алмайды.

       Қадірлі бауырлар «Тәңір алдында тура сөзден артық садақа жоқ» деген хадис сөзіне бой ұсынып тура сөйлеп, абайлап жүріп анық басыңдар. Сендердің әрбір оң әрекеттерің еліміздің жарқын болашағы мен келешек ұрпақтың берекелі өмірінің мызғымас тірегі. Ешқашан өз халқыңды, бір-біріңді тілдемеңдер, жалған дүние үшін көңілдеріңе көлеңке түсіріп күндемеңдер. Біріңді –бірің қолдап, саналарыңды сергітіп, ақылдарыңды толықтырыңдар. Дүниелік білім мен рухани ілімді қатар игеріп, адамдық асыл қасиеттердің шыңында сәуле шашқан нұрдай жарқыраңдар. Мына өмірге күнәсіз келіп, күнә арқалап қайтудан қорқыңдар. «Барлық қателіктер ойланбаудың кесірі» екенін ұмытпаңдар. Ең бастысы Алламен және  өз еліңмен бірге ғана бақытты ғұмыр кеше алатындарыңды естеріңнен шығармаңдар. Ақ сөйлеп, адал өмір сүріңдер!!!

Әділ Ержан

Әділ ЕржанӘділ Ержан
8 жыл бұрын 3540
0 пікір
Блог туралы