ЖЕТІ ҚАЗЫНА
ЖЕТІ  ҚАЗЫНА

            ЖЕТІ  ҚАЗЫНА

         1.   Жақсылық іздеу. Жақсылық іздеу  әр адамға парыз. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді ғана көріп, жамандық іздемеңдер. Ең жаман деген адамның бір жақсы жағы болады. Соны көре алған адам нағыз жақсы адам. Сондықтан бір-бірлеріңнен тек қана жақсылық іздеңдер. Адамның жақсылығын көріп  бағалай білсең, сен көрген ұсақ-түйек жаман қасиеттерден ол өзі-ақ бас тартады. Басқаның жамандығын жиі байқайтын адамның өзі де жаманнан сау болмайды деген. Жүрегі таза жақсы адам жамандық туралы көп біле бермейді, көрсе де жақсылыққа жориды. Ендеше біреуден кемдік іздеп, кек ұстап жалғыз жүрегіңді дертке шалдырмай, ізгілікпен нұрландыр.

       Адамға екі көз біреудің жақсылыған көріп үйренуге, өзінің жамандығын көріп жиренуге берілген. «Кім біреудің айыбын ашса, Алла оның да айыбын ашады», «Өз айыбын түзеумен әуреленіп, өзгеден кінә іздемеу, бей-берекет сөйлемеу жақсы адамның ісі»-деген хадис сөздері анық сөз. Біреуге жақсылық жасасаң тез ұмыт. Өйткені ол міндетсінуге жол ашады. Ал біреуден көрген жақсылығыңды ешқашан ұмытпа. Кемшілікті көру оңай, түзету қиын. Бір адамның қателіктерін түзетуге көмектесе алған адам, сауапқа ие болады. Бір-бірлеріңді кінәлап сырттан сөйлеп, ғайбаттамаңдар. Ғайбат сөйлеу, яғни өсек, өтірік айту ауыр күнә

        2.   Бірлік. Бірлік бар жерде жеңіс бар. Бір-біріңді құрметтеп бағалаңдар. Өзін сыйламағанды ешкім сыйламайды. Ұлт ретінде өзімізді қадір тұтып, жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасыра алмасақ, бізді кім сыйлайды. Біз аз ғана халықпыз. Өзара бірлігіміз толық болмаса, қылып жүрген тірлігіміздің бәрі бекер екені анық. Бірлік жоқ жерде береке жоқ. Бірліксіз іс бітпейді. Сол себепті бәрің бірігіп, өз мүмкіндіктеріңді толық пайдалана отырып, оқып жүрген орталарыңды жандандыра біліңдер. Оң істер жасап, көпке пайдалы іс жасауға ұмтылыңдар.

      Басқаның жеңісіне қуана білу, өзіңе тілеген жақсылықты өзгеге де тілей алу шын бірлікке бара алатын нағыз иманды адамның сипаты. Өзіңнен сәл алдыға шыққан адамды көре алмай күндеу, теріс айналу бейшаралықтың, рухани кемістіктің белгісі. Біріңді–бірің бір туғандай шынайы дос бауыр көрмейінше, бірігіп әрекет етпейінше іс бітпейді. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды деген. Кімде-кім бірлікке бір қадам жақын болса, онда ол жеңіске де бір қадам жақын болады. Бірліктен қашқанның елдігіне, күндестік қылғанның кеңдігіне, еңбектен қашқанның ерлігіне сенбе.

       3.   Көркем мінез.   Алла Тағаланың алдында ең қадірлі адам – мінезі көркем болған адам. Көркем мінез дегеніміз кішіпейілділік, сабырлылық, кешірімділік және кеңдік. Кемшіліксіз адам болмайтыны сияқты, түзелмейтін де адам болмайды. Кім өзін түзетуге, мінезін дұрыстауға ниет етсе ол сөзсіз түзеледі. Кішіпейілділік кісіліктің белгісі.

       Мұғалімдерді сыйлап, кішілік танытыңдар. Оқушының алғыр болуына білімді мұғалім себепші болатыны сияқты, мұғалімнің де биік деңгейге көтерілуіне саналы оқушылар себепші болады. Мұғаліміне қарсы сөйлеп, кесір мінез көрсеткен оқушы ең тәрбиесіз, санасыз оқушы. Келіспейтін жерің болса, орнымен сыпайы түрде жеткіз. Кей жағдайда аз маз дүниеге қолы жеткен немесе бір іс жасап мақтауға ие болған оқушы өзін тым еркін ұстап, мұғалім алдынды ерсі қылықтарын көрсетіп жатады. Ол өте ұят нәрсе. Қай кезде қарапайым, жылы жүзді, кең мінезді бол. Кең болсаң кем болмайсың.

        4.   Тәртіп. Тәртіптілік өмір сүруді жеңілдетіп, оның мәнін ашады. Тәртіпке бағынып, тәрбиелі болыңдар. Б.Момышұлы: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген.  Оқу орнына арнайы үлгідегі  киіммен келу, сабаққа кешікпеу, қарым-қатынас мәдениетін сақтау тәрізді бекітілген ішкі тәртіп ережелерін орындап, осы бастан бір сөзділікке, жауапкершілікке үйреніңдер. Уәде сөз беріп оны орындамаған адамның құны жоқ. Айтылған ескертулер мен кеңестерді дұрыс қабылдап, өзіне сіңіре алмаған адам көп нәрседен ұтылады. Сын ескертпеге немқұрайлы қараған адам өзінің болашағына да немқұрайлы қарайтын  адам.

        5.   Білім. Білімділік–кісіліктің бағасы. «Адам мен адамды, халық пен халықты теңестіретін – білім» (М.Әуезов).  Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп. Санасы барға жететін сөз.  Білмеймін деп білуге талпынбайтын талапсыздық жаман қасиет. «Білмеген емес-мін, Білгісі келмеген-мін» (Ш.Мұртаза).  Білместікке көнгенің, жанбай жатып сөнгенің.

Білім  көп нәрседен артық. Себебі, білім жұмсаған сайын көбейеді, байлық жұмсаған сайын азаяды.  Білім сені күзетеді, байлықты сен күзетесің.  Кәсіби білім-ел экономикасының негізгі тірек күші. Кәсіптік  білімін  ізгі мақсатқа жұмсауға рухани адамгершілік ілімі керек. Көп жағдайда адамның ар-ұяты мен дүниелік нәпсі қалауы сынға түскенде адамның рухани тәрбиесінің күш қуаты кем түсіп жатады. «Кімде-кім білім алу жолындағы қиындыққа төзбесе, надандықтың зардабына өмір бойына шыдауына тура келеді».

        6.   Иман. Имандылық адам жанының айнасы. Иман жүзді жылы жүректі болыңдар. «Мүмин болсаң әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол» (Абай Қ.). Шынайы иман дегеніміз жалғыз қалған сәтте де Алла көріп тұр деп сену және күнә жасаудан қорқып қашу. Аманатқа адал болып, жан баласына қиянат жасамау. Әрдайым шүкіршілік етіп, тәубеге келіп жүру. Жамандық жасаған адамға жақсылық жасай алатын кеңпейілді, кешірімді болу. Қиын сәтте сабырлы болу, ашуына ие болу, әділ болу имандылықтың негізі. Имандылық ізгіліктің бастауы және ең бастысы әлемдердің Раббысының сені қолдауы деген  сөз.  Көз жетпеген жерге ақыл жетеді, ақыл жетпеген жерге иман жетеді. Иманға келмеу – ақылға келмеу.

       7.   Ақыл. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білетін ақылды болыңдар. Ақылды адам ақымаққа алдырмайды, аяғын жоқ нәрсеге шалдырмайды. Ақыл асыл қазына. Асылды іздеген адам сирек те болса да табады, есесіне іздемеген адам ешқашан таппайды. «Адам баласының басына күнде ақылды ой түсе бермейді» (А.Эйнштейн). Ақылдың өзінің адам санасына тез сіңетін кезі болады. Ол жастық шақ. Жас кезіңде үйренгенің тасқа түскен таңбадай анық болады.  «Ақылсыздықтың екі белгісі бар: пайдасы жоқ сөз айтады және біреудің ісіне жөнсіз араласады» (Платон). «Адамның ең жақсы үш қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». «...Рас сөздің кім білер қасиетін, Ақылсыз шынға сенбей жоққа сенбек» «Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып алар жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» (Абай).  Жақсы адам ақылына жеңдіріп іс қылар.

Әділ Ержан

Әділ ЕржанӘділ Ержан
8 жыл бұрын 6964
0 пікір
Блог туралы