АДАСУДЫҢ БАСЫ
АДАСУДЫҢ  БАСЫ

      АДАСУДЫҢ БАСЫ

    Ат төбеліндей қазақ зұлым, жүйелі саясаттың салдарынан жүзге, одан кейін құлдық сананың тепкісінен өтіп тілге бөлінді. Ең ауыры тәуелсіздіктің шыңына шығып тұрып дінге бөлінді. Екі бауыр намазды екі түрлі оқып дүрдараз күй кешуде. Бәріміз үнсіз жүрміз. БІРАҚ ҚАЗАҚ ІШТЕЙ БӨЛІНУДЕ.

    Әркім өзіне жауап берсін деген сөз белгілі бір сөз орайында дұрыс та шығар, бірақ мен өзіме жауап берем деген сөз мүлде дұрыс емес. Көпшілік яғни халық бар жерде ортақ ұстаным (әрине дұрысы) бір бағыт болуы керек және соған бағыну керек. Сонда МЕМЛЕКЕТ, ОТАН және БЕЙБІТ ӨМІР, ТЫНЫШ ҚҰЛШЫЛЫҚ болады. Әркім қазақ көшін өз қалауына қарай бұра тартса, түбі ешқашан жақсы болмайды.

    Жұма. Алланың үйі. Алланың жердегі өкілі міндетін арқалаушы Имам. Артында мыңдаған жамағат. Үлкен жауапкершілік. Имам: "Құрметті бауырлар біз қазақ мемлекеті Әбу Ханифа мазхабын ұстанамыз. Мазхаб бойынша ӘМИН ДҰҒАСЫН іштен айтуларыңызды өтінемін. Алланың разылығы үшін ИншаАлла". Ақи бауырдың (өздерінің айтуынша) тәкбірі: "Алланың разылығы үшін жұма намазының екі ракағат парызын оқуға ниет етіп, ИМАМҒА ҰЙЫП, жүзімді құбылаға қараттым".

    НАМАЗ. Имам фатиха сүресін дауысы дірілдеп барып аяқтай бергенде мыңдаған жүректердің ұйып тұрған тыныштығын талқан еткен, қасарысқан, қарсылықтағы ақи бауырлардың "АМИИИИИИИН" деген дауыстары. Аза бойың қаза болады. Сонда кім ұтылды: Меніңше ақи бауырлардың өзі ұтылды. Себебі олар имамға ұйыдым деп тәкпір айтып алып, ақыры өз сөзіне өзі қарсы келіп имамның айтқанын елемеді. Намаздарының қабыл болмай қалуы әбден мүмкін. Егер біз осы сұрақта әркім өзіне жауап береді деп жүре берсек, оның басқа қауіпті сипаттары етек жаяды. Мысалы, біз Сирияға адасып кетіп жатқан қаракөз бауырларымыз туралы өзі біледі ғой деп айта алмаймыз ғой. Ол анық адасу. Оның бастауы осындай елеусіз дүниеден басталады. Егер біз жат жұртта қан төгіп жұмақ іздеп кеткен бауырларымыз туралы ӨЗДЕРІ БІЛЕДІ ҒОЙ деп айтсақ, онда өз балаларымыздың тәрбиесін өздеріне қалдырып өзі біледі ғой деп жөнімізге кете бергенмен бірдей. Себебі мұсылман мұсылманға бауыр. Өзіне тілеген жақсылықты өзгеге тілей алмаған адам шынайы мұсылман емес. Сондықтан, өзім білем деген бауырлар ЕЛ ІШІ АЛТЫН БЕСІК деген, елден бөлініп аптықпаңдар.  ЕЛДЕН ТЫНЫШТЫҚ КЕТСЕ, ҚҰЛШЫЛЫҒЫҢ ДА ҚҰРДЫМҒА КЕТЕДІ.

    Менікі дұрыс деп қаққан қазықтай қатып қалмай иіліңдер, имамға бас имей жүрген бауырлар. Адасудың алды соқпақ, арты тар. Бізден гөрі Алланың елшісіне жақын болған Имам Ағзам Әбу Ханифа Алланың тура жолына да басқа жолда жүрген бауырларымыздан бір қадам жақын екендігі анық.

    Тілегі бір, АДАМЗАТ - МҰСЫЛМАН - ҚАЗАҚ  деген  жүрегі бір бауырларым, қайтпас тәкәппар, кердең мінез көрсетіп, мешіттің қақ төрінде талтайып тұрып, өз қолыңа қапсырылып, уағыз сөзге пысқырынып, «әмииииин» деп осқырынып, сүннетте шепті бұзып қатарда тұрған көптен бөлінгенше соңына дейін мұсылман бауырмен иық тіресіп тұрып, шынайы мүмин мұсылмандардың қатарында қалшы.

    Әділұлы Ержан

Әділ ЕржанӘділ Ержан
8 жыл бұрын 3794
1 пікір
Блог туралы