СОҢҒЫ ДЕМ
СОҢҒЫ  ДЕМ

СОҢҒЫ  ДЕМ

 

 

Соңғы күн,

Соңғы сәт,

Соңғы дем,

Ескертпей бір күні келеді.

Ес жимас адамдар,

Тек үнсіз көнеді.

Соңғы рет

Бір терең дем алып.

Амал жоқ түсініп,

Өткенін өмірдің бекерге.

Аттанып кетеді,

Мәңгілік мекенге.

Істейтін тірлігі көп еді...

Мүмкіндік

Оған да бір сәтке келмеді.

Соңғы дем үздігіп үзілді,

Құлыңды Құдайым кеш енді.

 

...Жасымда

Салмақты мың сұрақ,

Жоқ кезде басымда.

Жақсыға,

Жарыққа,

Жылт еткен сәулеге құмар-ем!

Бәріне шүбәсіз сенер-ем.

Бүгінде

Сол сенім

Сол күйі, тұтастай жоқ менде.

Бір үміт,

Бір үрей көңілде.

Түн ауып кетсе де,

Жұма алмай көзімді көп жатам,

Аша алмай қалам деп  түбінде.

Арманның көгінен

Жарқ етіп үзіліп,

Жұлдыздар ағады.

Қатыгез қара түн

Таңсыз да талайын,

Жоқ етіп тынады.

Күн шығып,

Айың да бозарып батады.

Бір жүрген,

Сыр білген.

Досың да

Бір күні сазарып сатады.                      

 

Қай күні

Белгісіз.

Соңғы рет

Кеудемді бір керіп,

Жүрегім соғады.

Сол күнге

Жеткізбей үлгеріп,

Сауапқа кенелсем.

Соңғы сөз:

«Мұхаммед (с.ғ.с.) соңғы елші,

Алла бір, Тәңір хақ»-деп өлсем.

Соңғы дем -

Мен сені

Демікпей қарсы алам.

Жұмаққа

Жолдама алдым деп,

Жалғанға

Желікпей жар салам.

 

Соңғы дем –

Жақсылық іздегем, шөлдегем.

Жүректе жатса да бір шемен,

Тәубемнен жаңылып көрмегем.

Сүрінгем

Мен талай бүлінгем,

Түсінгем

Жер құшып бүгілгем.

Жүзімді жас жуып,

Сәждеде кешірім тілегем.

Өзекте өкініш тұрмаса,

Соңғы дем –

Мен сені

Селк етпей күтер ем.

Өмірдің өткінші екенін,

Естіртіп жатса да

Қаншама жауыр сөз.

«Соңғы дем» -

Не деген

Салмағы ауыр сөз.

Ес кетіп елігіп,

Жел бітіп желігіп.

Жүргенде,

Жетерлік ағаттық жасағам.

Баз біреу азғырып,

Тас атқан тасадан.

Не білер?

Көңілі көк майса мас адам,

Жас адам – буыны бос адам.

Жаңылғам,

Жабығып күйінгем.

Бір сауға

Сұрағам жүгінгем.

Бәрібір

Сауабым әлі кем,

Сабыр ет соңғы дем.

Күте тұр,

Аялда бөгелші.

Тозақтан құтқарып,

Толассыз алғысқа бөленші.

Екі дем арасын ұзартып,

Жүрекке күш салып қыссаң да.

Соңғы дем –

Соза түс

Сағаттың санағын,

Иесін қуантсын қонағың.

Енді жоқ

Өткенге оралу.

Өмірге қосу аз, тек алу.

Ойда жоқ,

Көзіме

Жас құйып кек алу,

Тағы да уақытқа тоналу.

Парыз бен қарызды өтейін,

Содан соң өзім-ақ кетейін.

 

Соңғы дем –

Мен бәрін кеш ұқтым,

Білемін

Ұтылдым, не ұттым.

Сабырды

Ашуға тұқырттым,

Кей кезде

Нәпсіні құтырттым.

Қуалап бір-бірін,

Сағаттың тілдері

Құр бекер айналды.

Иманым – жиғаным!

Күніне

Мың рет шайқалды.

Пенденің көзімен өлшенген,

Көңілім толысып жайқалды.

Тәңірдің сөзімен тексерсем,

Сызаттың көптігі байқалды.

 

Соңғы дем –

Сырымды ұға түс,

Секундтар арасын соза түс.

Сен үшін

Сөз емес –

Көктемін біреудің күз ету,

Көктің де бейілін мұз ету.

Мен үшін

Сағымдай бір елес.

Сынаптай сырғыған,

Уақытты күзету.

Көл тұнып көзімде,

Тамғалы  тұр қайғы.

Дәл қазір

Бес күндік бес іздің,

Болмаса біреуін

Түзету шын қайғы.

Соңғы дем

Кеудемнен шығарда,

Не пайда?

Өмірді, өлімді сөз ету.

Басыма симайды,

Бос келіп, бос өту.

 

 

Әділ  Ержан

Әділ ЕржанӘділ Ержан
8 жыл бұрын 10080
0 пікір
Блог туралы