ҚАДІРЛІ ҚАРЫНДАС
ҚАДІРЛІ   ҚАРЫНДАС

Қадірлі қарындас, қылықты қыз, ибалы келін, аяулы жар, асыл ана, ел анасы... деп жалғаса беретін жүрек жылытар жақсы сөздер ұрпақты ұрпаққа жалғап, елді елдікке жетелеген, барлық асыл қасиеттерімізді ұлт бесігінде тербетіп, ана сүтімен бала жүрегіне дарытқан нәзік жанды аруларға, отбасының отанасына ғана тиесілі жер бетіндегі ең қастерлі сөздер. 

Айналайын қаракөз қарындастар, қарындасқа пана болар ел қорғайтын бауырлар! Ата-бабаларымыз ұлды ұясына, қызды қиясына қондырып үлкен жолға салардан бұрын «қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым» деп перзенттерінің ел қатарына абыроймен қосылуы үшін тәрбиені бесіктен бастаған. Сол бесікті тербететін ананың, жас келіннің, қыз баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөлген.

Кезінде орыстың отарлаушылары орысша оқыту, тәрбиелеу арқылы ұлттық тәрбиенің өзегіне балта шауып, іргесі сөгілмеген қазақ елін өзінен-өзін жерітіп, өзгеге телмірген  құл, санасыз  бодан қылуды мақсат еткен. Ұлттың санасын жаулап алу үшін сол елдің бесігін тербетер, ұлттың тұтқасы болар қыздарының ойын бұзып, әйел адамның еркіндігін желеу етіп тура жолын теріске бұрған. Отағасын құрмет тұтып, ұл-қызын ұлттық тәрбиенің уызымен тәрбиелеп отбасының жылуы,  ұлттың  ұйтқысы болып отырған қазақ әйелінің қасиетін қорғаған ақ орамалын аяққа таптатып, ер адамдармен қатар қою арқылы ошақтың жылуын атақ пен мансаптың құрығына байлап,  қазақ отбасының баласын қараусыз қалдырып ұлтымыздың жас жауқазындай жас ұрпағын  өздерінің бақылауна  біржолата алып қолжаулық қылды. Нәтижесінде, ұлттық  құндылыққа жарымаған ұрпақ қалыптасты.  Қазақ халқы  сол зымиян саясаттың зардабын  шегуде.

Тәуелсіз елміз деп бөркімізді қаншалықты биікке көтеріп лақтырсақ та бір кезде асыл текті бабаларымыз арман еткен аңсарлы күннен тым алыста жатқанымыз ақиқат. Неге десеңіз,  ұлтымыз ұлттық болмысынан ажырап батыстың ардан озған жолына қарап бой түзеп келеді. Үлкен тұрып кіші сөйлемейтін, сөйлесе бүгінгідей арзан күлкі мен таяз ойлардың жетегінде кетпей сөз асылын тереңнен тартып ойланып, салмақтап  сөйлейтін, отыз тісін қызыл тіліне қарауыл қылған, сөзі мен ісі бір жерден шығатын бұрынғылардан еш белгі жоқ. Ар-ұяты мен иманы, намысы үшін жанын садаға еткен текті еліміздің бүгінгі тұғырында намысы мен  ар-иманын күн көріс пен көкесінің көлеңкесіне құрбан еткен сөзінің дуасы мен тұрағы, ісінің ақтығы,  табанының бүрі жоқ жалтақ, тар жерде сатуға бұғынсаң атуға дайын сұйық мінезді адамдар мен мұндалап жол бермей тұр.  Бір кезде жетімін жылатпаған елдің бүгінгі кейбір жетесіз ұрпағы өз қамдары үшін күнәсіз сәбилерін  жат жұртқа сатты. Қарындасқа пана болар жігіттеріміз аруларды алдап арын төккенін мақтан етті. Қыздарымыз ұяттың ұясынан жалаңаш шыққандай, әдеміліктің құпиясы тәніңді жалаңаштау деп ұққандай. Тәнін сатып күнін көрген тексіздер туралы естігенде иманың түршігеді.

Қазіргі кезде айтсаң сөзің өтпейтін, ар - намыстың нарқын білмейтін не үлкен, не кішіден қымсынбастан, көзіңе тура қарап  кез - келген жерде  жігітпен құшақтасып түк болмағандай қарап тұра беретін, бұрыш - бұрышта  көк түтінді будақтатып,  түнгі клубтардың шаңын қағып, шарап ішіп шалыс басып, қыз балаға ғана тән ар - абыройын айрандай төгіп, ашық - шашық киініп, қалай болса солай сөйлейтін  қазақ қыздарына лайық асыл қасиеттерден біржола ада болған, нәзіктігі мен әдемілігін әр нәрсеге құрбан еткен... бір кезде ар – ұяттың арнасындай, имандылықтың ұясындай болған қазақ қыздарының кейбір көргенсіз қылықтарын көргенде өзегің өртенеді. Үш жүзге би болған ауызы дуалы Майқы би бабамыздың «Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» дегені шындыққа айналып келе жатқандай.

 Көпке топырақ шашуға болмайды десек те ауруын жасырғанның ауырмай-ақ арғы дүниеге атанып кетері анық. Ендеше,  Баян – Жібектің ізіндей болған  қазақ қыздарының асыл қасиеттеріне көлеңке түсірген заманымыздың кем тұстарын айтып, біреуі екіншісіне жол  бастайтын жамандықтан біржолата қол үзуіміз керек. Біз сонда ғана арман тілегі ұлттық санасынан қуат алатын айбынды елге айналамыз. Ал егер өз кемшіліктерімізді өзіміз мойындап, қателіктерімізді бірге түзетіп  Алла Тағала анықтап, бағыттап берген тура жолға бет бұрмасақ біздерден кейінгі ұрпақтардың қандай зобалаңға тап болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.

Қаракөз қарындастар қыз қылығынан, ұл ұятынан, келін әдебінен... ұлт өзегінен ажырап жерінген ала құйын мына заманда өзіңе-өзің «қырық үйден тыйым ізде». Халқымыздың ар-ұят пен шынайы имандылықты ардақ тұтқан дәстүр-салтына бой ұсын.  Білмесең ізден, айтпаса сұрап ал, не қылсаң да отбасынан бастау алып, ҰЛТТЫ  ҰЙЫТАР  АЛАШТЫҢ  АЛТЫН  ЖІБІН  ТАУЫП АЛ.

ӘДІЛ  ЕРЖАН

Әділ ЕржанӘділ Ержан
8 жыл бұрын 4556
1 пікір
  • Өте жақсы жазыпсыз! Аллаһ разы болсын, аға!
    Тек, қанша қазақ қызының үлгісі десек те, өз-өздеріне қол жұмсаған (әрине, басқа да жорамалдар болса да) Жібек пен Баянды өзімізге мысал еткеніміз дұрыс емес сияқты...
    8 жыл бұрын
Блог туралы