ҚАРАКӨЗ ҚАРЫНДАСТАР
ҚАРАКӨЗ  ҚАРЫНДАСТАР

«Намысын бермеу үшін атқа қонған,

Мен қазақ қыздарына қайран қалам»-

Деп жырлап, жаныңды бір жайландырған,

Өзіңнен ұят болды - ау қайран ағам.

 

Қайраңдап көше кезіп тайраңдаған,

Қаракөзді көргенде қайран қалам.

Оң жақта он алтыңды ойрандаған,

Бұл қазақ қызы емес деп ойран болам.

 

Алласынан алыстап адам азған,

Қасіреттің қайғысын кімге таңам.

Арын сатып Алаштың сорын қазған,

Аруларым оңалмай қалай оңам.

 

Жат болып өз жұртына жатқа барған,

Қалайша қазақ қызын ақтап алам.

Ұрпаққа аманат боп хатқа тамған,

Қанымның тазалығын сақтап қалам.

 

Ақ дидарын иманның нұры шалған,

Періштесін қазақтың қайдан табам.

Сынығын асылымның жұртта қалған,

Қайтсем сақтап қаламын қайран бабам?

 

Өзге жұрттың қызынан биік тұрған

Өзіңе қазақ қызы қорған болам.

Қор болып , гүлдемей-ақ ерте солған.

Қаракөзді ойласам қапа болам ...

 

Етегі ар – иманның түрілгендей,

Сынықтың дерті жұғып сүрінгендей.

Сұлуларым сүрлеусіз жолға түсіп,

Күй кештік көп нәрседен түңілгендей.

 

Көбесі елдігімнің сөгілгендей,

Тоналып қыз моншағы  төгілгендей.

Төбемнен бақыт құсы қош деп ұшып,

Тұрады бір жамандық көрінгендей.

 

Теңесіп тамырсызбен биіктеген,

Білімсіз пысықтықты жіліктеген.

Сән қуып киінсе де мың құбылып,

Қолына бір сабақ жіп ілікпеген.

 

Еліктеп әр нәрсеге елпілдеген,

Жігіт пен қызық іздеп желпілдеген.

Көргенде көргенсізді көңіл көшіп,

Қайғыдан мұң тамады мөлтілдеген.

 

Қолаң шашын шолтитып қиып тастап.

Қалғанын орамалсыз жайып тастап,

Әр тал шашын шайтанға мекен қылып,

Барады қазақ қызы қайда бастап.

 

Кіндігін - қуат көзін ашық ұстап,

Кеудесін, арқа – белін жалаңаштап.

Жүгенсіз жүрген сайын күнә теріп,

Жолыңнан жаңылдырар періге ұқсап.

 

Жасырмай зейнеттерін жау шақырған,

Ортайтып берекемді дау шығарған.

Діні мен дәстүрінен кері кетіп,

Шықпай тұр салт-санаңды шын ұғар жан.

 

Жүрекке иман, санаңа сәуле шашқан,

Міні жоқ хақ жолының адам тапқан.

Тәубәңа кел Аллаңа бой ұсынып,

Қос дүниелік бақыттың сырын ашқан.

 

Қаракөз  қарындастар айналайын,

Қаралап мен өзіңді не табайын.

Бұғауда бұрмаланған жолдан емес,

Ақиқат алаңынан ой салайын.

 

Алла деп ақ ниетпен сөз алайын,

Халқымның қасиетін саралайын.

Жұртымды жұмылдырған, қазір елес,

Жоғалғанды жаңғыртар жол салайын.

 

«Құдайсыз қурайың да сына қоймас,

Имансыз  ұл - қызыңда сана болмас.

Санасыз бала берсең ала бер» - деп,

Бас тартқан көп нәрседен нәпсі тоймас.

 

Бұрысты дұрыстамай көне қалмас,

Бұрынғы бабаларым өткір алмас.

Салт – дәстүрін,  хақ дінін берік ұстап,

Болған ғой шын мұсылман сөз айырмас.

 

Әрбір істің анығын тексеріңдер,

Жұқалап,  жалаңаштап киінгендер.

Алланың қаһарында қалмақ деген,

Құранның аяттарын ескеріңдер.

 

Жат елдің жасығынан жиреніңдер,

Пайғамбар сүннетінен үйреніңдер.

Сүзілген тау – тасынан тамшыдайын,

Жарқырап тазарыңдар, түрленіңдер.

 

Тіл менен көз нәпсіден қорғаныңдар,

Орынсыз сөз, ғайбаттан арланыңдар.

Кесір мінез, әдепсіз қылықтардан,

Майдан қылшық алғандай арылыңдар.

 

Тұрақсыз сезімдерден тосылыңдар,

Ата-ананы аялап бас ұрыңдар,

Күмәнсіз тура жолға келгендердің,

Көшіне көп ойланбай қосылыңдар.

 

Шәлісіз шаштарыңды шайтан құшар,

Бағасыз шын бақытың бастан ұшар.

Құранда жазылғандай киінсеңіз,

Құдайдың өзі қолдап жолыңды ашар.

 

Ақылсыз жан адасып артта қалар,

Арлы болсаң, жақсыны жақсы табар.

Сәжде қылып Тәңірден тілесеңіз,

Берекелі өмірдің бағы жанар.

 

Ал енді өзің ойлан, өзің толған,

Алла жазса қыз бала ана болған.

Қастерлі қасиетке жарлы ананың,

Баласы бала болмай,  нала болған.

 

Озады шын ақылды ұғып алған,

Тозады  жол  ортада  бұғып қалған.

Шын иман мен сенімнен басқасының,

Түбінде  бәрі  бекер,  көбі  жалған.

 

Барыңды асылыңды бағалауға,

Сөз айттым сау ақылмен саралауға.

«Жазбаймын мен де өлеңді ермек үшін»,

Өзімді өзгелерден даралауға.

 

Ой  толқыса  шығады  жағалауға,

Жаңылдырған жансызды жаралауға.

Қыз - ғұмырдың білсеңіз қасиетін,

Қақым жоқ қадірлімді қаралауға.

 

Қыз дегенім қарындас, әпкелерім,

Асыл анам, ардақты әжелерім.

От анасы – жарығы дүниенің,

Жатырында жан алған әкелерім.

 

Анасыз мына өмірге келмес едім,

Жылуын күнніңдағы сезбес едім.

Санаңа сәуле қонбай кетпесіннің,

Қамымен арпалысып қайғы жедім.

 

Ұлтымның ұлағатын ұғарсыңдар,

Жиреніп жамандықтан ығарсыңдар.

Жақсының ақ – қарасын ажыратып,

Шындықтың шыңына да шығарсыңдар.

 

Қағынан жерінгендей қағынбаңдар,

Сырымды сыртқа теппей қабылдаңдар.

Иманды қыз, ибалы келін болып,

Тербетіп ел бесігін дамылдаңдар.

 Әділ  Ержан

Әділ ЕржанӘділ Ержан
8 жыл бұрын 4374
2 пікір
Блог туралы